×

«Әкімдік сенім артқан адам ғана әкім болады» - Ерлан Қарин

Қалалық және аудандық мәслихатқа кез-келген адам сайлана алады

 Дастан Жұмабекұлы 27.05.2022 | 14:15
фото: kazgazeta.kz

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин өзінің YouTube арнасында конституциялық реформаның Қазақстан халқына беретін пайдасы туралы бейнежазба жариялады.

Ол реформаның аясында әкімдерді сайлау және тағайындау тәртібінің қалай өзгеретінін айтты.

«Біріншіден, Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып атын өзгертеді. Бұл дегеніміз, ең алдымен ресми органның атын өзгерту ғана емес, ол Конституцияға қайшы келетін заңдар мен құқықтық актілердің күшін жоя алатын болады. Конституциялық сотқа кез-келген азамат Ата-заңымызда көрсетілген құқықтары мен бостандығы шектелетін болса, өтініш жазып, заңды жоюды талап ете алады. Конституциялық сот – тәуелсіз, объективті жұмыс істейтін орган болуы тиіс.

Екіншіден, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі артады. Ол ешкімге тәуелді болмайды. Үшіншіден, Парламент Мәжілісі, облыстық, қалалық және аудандық мәслихатқа сайлану оңай болады. Мысалы, Мәжіліске партиялық тізіммен депутаттардың 70 пайызы сайланса, бір мандатты округ бойынша халық қалаулыларының 30 пайызы сайланады. Облыстық мәслихатқа партиялық тізіммен депутаттардың 50 пайызы, бір мандатты округ бойынша да осыншама пайыз адам сайлауға түседі. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға кез-келген адам партиялық тізімге қарамай сайлану құқығына ие бола алады», - деді ол.

Сонымен бірге Мемлекеттік хатшы облыс әкімдерін тағайындаудың жаңа тәсілі енгізілетінін, әкімдерді өңірдегі бүкіл мәслихат депутаттарының келісімі бойынша баламалы негізде тағайындау ұсынылып отырғанын атап айтты.

«Бұл қалай жұмыс істейді? Президент облыс, республикалық маңызы бар қала және астананың әкімінің лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынуға міндетті. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының бәрі осы үміткерлерден таңдау жасайды. Әкімдікке лайықты кандидат депутаттардың жалпы дауыс беруі нәтижесінде тағайындалады. Яғни, әкімдік сенім білдірген азамат әкім болады», - деді ол Youtube арнасында.

Оның айтуынша, осы түзетулердің арқасында әкімдердің дербестігі артады.

«Қазір ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайды. Бұл тұрақты үрдіске айналды. Енді аудан және қала әкімдерін сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауыл әкімдерін лауазымынан босату құзыретін Конституциядан алып тастау ұсынылады. Тіпті, Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астанамыздың әкімдерінің актілерін толығымен немесе ішінара жою, тоқтату құзыретін де алып тастау ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде әкімдер барынша дербес жұмыс істейді, тұрғындардың мүддесіне басымдық береді», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Конституциялық кеңестің орнына құрылатын Конституциялық сот қабылдаған шешімге ешкім шағым келтіре алмайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама