×

Былтыр 10 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасты

Жобаға қатысып жатқан адамдардың көбі – әйелдер

 Динара Амантай 12.02.2024 | 09:52
Фото: Halyq Uni

2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 9 мың 970 адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жобаға қатысушылардың 61,6 %-ы (6 144 адам) – әйелдер. Осы бағыт бойынша 2023 жылы жалпы 10 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша Түркістан облысында 2 130 адам, Алматы облысында 589 азамат, Жамбыл өңірінің 574 тұрғыны жұмысқа орналасты. Ал Шымкент қаласында жұмыссыз жүрген 1 852 адам жұмыс тапты.

Бұл жоба еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған. Оған қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Жобаға жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және 1 жылдан астам жұмыс істейтін салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды үнемі аударатын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына адам 18 айға дейін қатыса алады. Осы уақытта азаматтың еңбек өтілі есептеледі.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган қаржыландырады. Ол жобаға қатысушыларға да жалақы төлейді.

Жобаға қатысушының жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып, айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылы – 103 500 теңге, ал 2024 жылы – 110 760 теңге) болады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші адамды кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 884 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ тағы 8 мың 731 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама