Алматыда мемлекетке құны 700 млн теңге болатын жерлер қайтарылды

Динара Амантай

Жер осы уақытқа дейін игерілмеген

Фото: Halyq Uni

Медеу ауданының прокуратурасы қала орталығында жеке тұлғаларға заңсыз берілген жер учаскелерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2009 жылы мемлекет қажеті үшін Шығыс айналма автожолының құрылысына байланысты нарықтық құны бойынша 1,2 млрд теңгеге Радлов көшесі бойынша 13 жер учаскесі сатып алынған.

«Алматы ӘКК» АҚ 2021 жылы алынған учаскелердің бірі (35 акр) қоғамдық іс-шаралар кешенін салу үшін ЖШС-ге берілген. Ауданы 3 мың 500 шаршы метр ғимараттың орнына заңды тұлға 22 шаршы метр техникалық үй-жай тұрғызып, 32 млн теңгеге жерді жеке меншікке заңсыз сатып алған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұл ретте учаскеде кезекті коммерциялық нысанды салу іс жүзінде жоспарланған болатын. Оның халық пен қала үшін қоғамдық маңызы жоқ. Медеу ауданы прокуратурасының талап арызы бойынша сот мәмілелерді жарамсыз деп таныды.

Сондай-ақ осы ауданда 2020 жылы міндетті аукцион өткізбестен, ең тиімді ұсынысты таңдамай, жергілікті атқарушы орган коммерциялық мақсаттар үшін тағы бір ЖШС-ге учаске (37 акр) берген. Жер осы уақытқа дейін игерілмеген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жылжымайтын мүлік мемлекетке қайтарылды.

Жоғарыда аталған мүліктердің нарықтық құны 700 млн теңгеден асады.