Ұлытау облысында ірі мөлшерде есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

ҰҚК-нің Ұлытау облысы бойынша департаменті өңірге аса ірі мөлшерде есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2024 жылғы қаңтарда ҰҚКД жедел қызметкерлері есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізді деген күдікпен Жезқазған және Сәтпаев қалаларының 4 тұрғынын ұстады. Тінтулер кезінде олардан 20 келі марихуана, 2 келі гашиш, 250 грамм «альфа-PVP» психотроптық заты және 30 «марка» деп аталатын ЛСД есірткісі алынды, – делінген ҰҚК хабарламасында.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сот санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.