Мемлекетке 383 млн теңге шығын келген
Спортты дамыту дирекциясының басшылары бюджет қаржысын талан-таражға салды, деп хабарлады ҚМА.
Агенттіктің елордалық департаменті Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту дирекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде ақша ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
2022 жылы Қазақстан құрамасының спортшыларына Азия ойындарына қатысуы үшін Қытайда жасалған сапасы өте төмен спорттық аяқ киім мен рюкзактар сатып алынды. Тауарлардың құны 3 есе негізсіз көтерілген. Сондай-ақ жеткізуші аталған тауардың отандық өнім екені жайлы жалған құжаттарды ұсынған. Салдарынан мемлекетке 383 млн теңге шығын келген, - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының спортшылары оларға берілген киімнің өте сапасыз екенін айтып, шағымданған болатын.
Сот санкциясымен дирекция басшысының орынбасары қамауға алынды.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.