×

Талдықорған перзентханасында екі келіншек көз жұмды

Өлімге нақты нендей себеп болғанын дәрігерлер ашып айтпаған

 Халық үні 10.02.2024 | 07:28
фото: Halyq Uni

Талдықорған перзентханасында ана мен бала өлімі жиілеген. Оншақты күнде ай-күні жақындап, баламды бауырыма басамын деген екі келіншек жан тапсырыпты. Марқұмдардың туыстары шағым айтып, бүгін перинаталдық орталықтың алдына жиналды, деп хабарлайды Алматы арнасы. 

Байымбетовтер отбасы 1 аптадан бері аза тұтып отыр. Өйткені төртінші баласын босануға кеткен қызының ауруханадан мәйіті шыққан. Марқұмның туыстарының сөзінше, Сәния Серікбайқызы ауырмаған. Бірақ көпбалалы ана атанамын деп отырған әйелдің жағдайы аяқ астынан ауруханада, 2 ақпанда нашарлап кетеді.

«Перзентханаға қызым өз аяғымен келді. Қызыма ешкім қарамаған, көмек көрсетілмеген. Өзі келген қызымды, табытпен алып шықтым», – деді марқұмның анасы Майра Байымбетова.

«Сәния қан қысымы көтеріліп түсті. Дәрігерлердің айтуынша, бауыр инфаркт алған. Бірақ оның бауыры ауырмайтын. Егер бауыр ауыратын болса, ай, тіпті  апта сайын анализ тапсырып, дәрігердің бақылауында болды, неге байқамаған?», – деді марқұмның келіні Меруерт Нұрғазинова.  

Ал 30 қаңтарда босануға келген Алакөл ауданының тұрғыны да көз жұмды. Өлімге нақты нендей себеп болғанын дәрігерлер ашып айтпаған. Ал Талдықорғандық Санжар Өнербаев «Толғақпен ауруханаға түскен әйеліме ақ халаттылар салғырт қарады, дер кезінде көмек қолын созбады» дейді.

«Бізге  « ол қазір босанбайды, кете беріңіздер, босанар кезде шақыртамыз» деді. Түні бойы толғатқан, бірақ ешкім тексеріп, бақыламаған. Келесі күні 9:05-те босанды. Балам 22 қаңтарда дүниеге келді, әлі жансақтау бөлімінде жатыр», – деді Жетісу облысының тұрғыны Санжар Өнербаев.

Сәния Серікбайқызының денесі 3 ақпанда жер қойнына тапсырылды. Жаңа туған нәресте қазір Талдықорғандағы перинаталдық орталықта жатыр. Ал анасының нақты неден көз жұмғаны арнайы тағайындалған сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.

«Тексеру жүріп жатыр. Оның қорытындысы 14-15 күннің ішінде белгілі болады», – деді перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қанат Жұмашев.

Биыл облыста 609 сәби жарық дүние есігін ашқан. Бүгінде олардың жағдайы жақсы. Дей тұрғанмен, дәл облыстық перинаталдықтың орталықта жан тапсырған екі ананың оқиғасы көптің көңіліндегі алаңды азайтпақ емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама