Қазір блокбекеттерде 4 мыңнан аса көлік тоқтап тұр - министр
Ол қазақстандықтарға алыс жолға шықпауға кеңес берді
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазақстандықтарға алыс жолға шықпауға кеңес беремін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі
«Қазгидромет» РМК болжамынша, 7-9 ақпан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде қатты жел соғып, оның күші 30 м/с-ке жеткен. Ертең циклон еліміздің аумағынан жылжиды. 11 өңірде апаттық жағдайда электр энергиясы өшті, оны қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. 13 өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға блокбекеттер қойылып, көліктің барлық түріне шектеу енгізілді, - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол облыстарда республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Бүгінде блокбекеттерде 4 мыңнан аса көлік тоқтап тұр. Уақытша орналастыру пункттерінде 1 107 адам бар. 7-9 ақпан аралығында 12 өңірде 7 мыңнан аса көлік тоқтатылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 5 мыңнан аса адам, оның ішінде 50-ден аса бала болды. Осы күндері еліміз бойынша қар құрсауынан 64 көлік шығарылып, 1 426 адам эвакуацияланды, - деді Шыңғыс Әрінов.
Сондықтан министр қазақстандықтарға алыс жолға шықпауға кеңес берді.
«Қыста қазақстандықтар жол қауіпсіздігі ережесін сақтауға тиіс. 112 нөмірінен түскен хабарламаларды назарға алуларыңызды сұраймын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялағанда елді мекендерден тыс жерге шықпауға, алыс жерге жаяу бармауға шақырамын», - деді Шыңғыс Әрінов.