Қостанай облысында 250-ге жуық жүк көлігі жабық жолда тұрып қалды

Динара Амантай

Арнайы техника штаттық режимде істеп жатыр

Фото: Halyq Uni

Қостанай облысында 250-ге жуық жүк көлігі жабық жолда тұрып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

7 ақпанда Ақтөбе облысындағы ауа райының қолайсыздығына және жолдың жабылуына байланысты республикалық маңызы бар А-22 «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» автожолының 234-386-шақырымында (Ақтөбе облысының шекарасынан Денисовка кентіне дейінгі аралықта) көліктің барлық түрлері үшін шектеу енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда жол қозғалысы шектелген учаскелерде Денисовка кенті, Лисаковск ауылы және Тобыл станциясы маңында 200-250 транзиттік ауыр көліктердің жиналуы байқалады.

Қостанай облысында арнайы техника штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Облыс аумағынан өтетін аталмыш күре жолда қозғалыс қамтамасыз етілген, бірақ транзиттік көліктерге шектеу тек Ақтөбе облысындағы ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана алынады.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысына дейінгі автожол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін сервистер саны (жанармай құю станциялары, кемпингтер, тамақтану орындары, қонақ үйлер) жеткіліксіз.

Осы факторларды негізге ала отырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар А-22 автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Денисовка ауылына дейінгі аралықта жол қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, – делінген «Қазавтожол» АҚ хабарламасында.