Қарағанды облысында жылқылар іріңді жарадан қырылып жатыр (ВИДЕО)
Ауру малдың етін сататындар да болуы мүмкін
Қарағанды облысының Бұқаржырау ауданына қарасты Төрткүл ауылының тұрғындары жылқылардың жаппай қырылып жатқанына алаңдаулы. Алайда шенеуніктер бұған назар аудармаған. Бұл туралы Instagram-дағы Patriotkaragandy парақшасында жазылды.
Малдың аяғы іріңдеп, жаралар бүкіл денесіне тарап, содан өледі екен. Сарапшылар мұның қандай дерт екенін анықтай алар емес.
Комиссия келіп, жылқылардың қандай инфекция жұқтырғанын анықтау үшін талдау жасады. Соған сүйенсек, бұл лимфангит емес. Бірақ мұны лимфангит деп санаймыз. Неге? Өйткені өткен жылдың мамыр айынан бері Үміткер деген көрші ауылда лимфангит болды, – деді шаруа қожалығының басшысы Мәдениет Жұмаділдә.
Оның айтуынша, сол жердің малы Үміткер ауылының малдарымен бірге жайылады. Өйткені олардың жайылымдық жері ортақ.
Біздің ауылдың жылқылары көрші ауылдың жылқыларынан жұқтырған шығар. Ол жерде лимфангит ауруы расталып, ауыл тұрғындарына өтемақы төленді. Ал шенеуніктер біздің мал шығынына өтемақы төлегісі келмейтін сияқты. Сондықтан лимфангитті мойындамай, басқа ауру деп отыр. Бірақ біз оның белгілерін көріп отырмыз, аяғынан басына дейін іріңді жаралар шыққан. Бұдан жылқы өледі, – деді шаруа қожалығының басшысы.
«Бұқаржырау ауданының ветеринарлық станциясы» мемлекеттік кәсіпорнының мамандары лимфангиттің расталмағанын айтты.
Төрткөл ауылындағы жылқылардың өлгенін білеміз. Шығын болып жатқанын түсінеміз. Біз екі рет анализ тапсырдық, бірақ инфекциялық лимфангит расталмады. Төрткөл ауылының малдары басқа малмен жайылып жүрсе, не болыпты? Бұл – басты критерий емес. Өткен күні қайтадан сынамалар алынды. Олар қайтадан ветеринарлық зертханаға және ғылыми-зерттеу институтына жіберілді. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз, – деп мәлімдеді ветеринарлық станция.
Мамандар жылқы еті мен қымыз сатып аларда ветеринарлық сертификатты тексеруді ұсынады. Өйткені ауру малдың етін сататындар болуы мүмкін.