Президент Жоғары Сот кеңесі хатшысын тағайындады
Бұл мекеме судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған
Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Болатұлы Мұратбеков Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы болып тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.
Жоғарғы Сот кеңесі – Қазақстан Республикасы президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған мекеме.
Кеңесте бюджет шығыстарын, аппараттың қаржыландыру жоспарын қалыптастыру және оған өзгерістер енгізумен айналысатын әкімшілік бөлім, Жоғарғы Сот кеңесі жанындағы Сот жюриінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және басқа да қамтамасыз етуді үйлестіретін сот жюриінің қызметін қамтамасыз ететін бөлім, Жоғарғы Сот кеңесі мен кадр резерві жөніндегі комиссияның қызметін ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ететін судья кадрларының жай-күйін бағалау, кадрлар қажеттілігін болжау және кадр резервін қалыптастыру бөлімі мен судьялық лауазымдардың бос орнына кандидаттарды конкурстық іріктеу кезінде жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатын конкурстық іріктеуді ұйымдастыру бөлімі бар.
Жоғарғы Сот кеңесіне 11 адам мүше.