Қазақстанда педагогтарды жұмысқа қабылдау бойынша жаңа бұйрық тіркеуге алынды
Енді мұғалім болу үшін диплом жеткіліксіз
Білім және ғылым министрлігінің педагогтарды жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы Әділет министрлігінде тіркелді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылады.
Жаңа бұйрықтағы өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты болатынын болжау қиын емес.
Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес, - деп түсіндірді министр.
Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады. Жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балын дербес қояды.
Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді.
Бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады.
Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі, - деп жазды министр.
Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған.
Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті.
Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді, - деп ведомство басшысы өзгерістерді атап өтті.
Қабылданған ереже педагогтермен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды. Бұл жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған.