Спортшы қоссайыста 330 келі көрсеткішпен төртінші орынды иеленді
Ташкентте ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында ерлер арасында 96 келіге дейінгі салмақтың үздіктері анықталды.
Ұлттық құраманың мүшесі Кирилл Староверкин жұлқа көтеруде 150 келіні басынан асырып, кіші қола медаль иегері атанды. Ал серпе көтеруде 180 келіні көтеріп, қоссайыс қорытындысында 330 келі көрсеткішпен төртінші орынды иеленді.
Осы салмақта Солтүстік Кореяның спортшысыВон Йон Бём 367 (161+205) келіні көтеріп, Азия чемпионы болды. Өзбекстанның өкілі Суннатилла Усаров 346 (161+185) келі нәтижемен екінші орынды алса, қола медальді қырғыз атлеті Нұрсұлтан Тармалов қанағат тұтты. Ол 333 келіні (149+184) басынан асырды.
Әзірше Қазақстан құрамасының қоржынында Сайрамкез Ақмолда (67 кг) мен Александр Уваров (81 кг) жеңіп алған екі күміс жүлде бар.