Дубайда қазақ жауынгерлері жанкүйерлерді тәнті етті
ІІМ жасағы бауырмалдықтың нағыз үлгісін көрсетті
Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы жасағының жауынгерлері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен THE UAE SWAT Challenge турниріне қатысып келді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, ІІМ арнайы жасағы осы турнирге осымен бесінші рет қатысып отыр. Жыл сайын ел командасы жақсы нәтиже көрсетеді. Биыл жауынгерлер әлемнің 48 елінен қатысқан 87 команданың ішінен 6-орынды иеленді.
Жарыстың барлық кезеңі тартысты өтті. Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады.
Бір атап өтетін нәрсе, осы сында Қазақстан жауынгерлерінің бірі ауыр жарақат алып қалды. Алайда жарақат алған жауынгердің қаруластары жарыс кезінде оны жолда қалдырмай, қолтықтап, демеп, батылдық пен табандылықтың, бірлік пен бауырмалдықтың нағыз үлгісін көрсетті.
Арнайы жасақ алғашқы үш кезеңнен сәтті өтіп, жүлделі бірінші және үшінші орындарды иеленген болатын. Бірақ төртінші деңгей олар үшін оңай болмады. Жауынгерлердің бірі тапсырманы орындап жатқанда аяғынан жарақат алды. Алайда ол бұған қарамастан жарысты тоқтатпады. Оны әріптестері жарты жолда қалдырмай, межелі жерге дейін алып келді. Сонымен, команда барлық кезеңді бірге өтіп, толық құрамда мәреге жетті. Соңғы кезеңде команда мүшесі ауыстырылды, – делінген хабарламада.
Жарақат алған жауынгер ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы қалыпша, жарақаттың денсауылығына зияны жоқ.
Мен аяғымды «Мұнара оқиғасы» жаттығуында сындырып алдым. Біз үшінші қабаттан екінші қабатқа түсіп, қоңырауды соғып, жерге түсуіміз керек еді. Ол жерге секірген кезде, тоқ соққандай сезімде болдым, көздерім қарауытып кетті. Бірақ менде тоқтау туралы ой болған жоқ. Не болса да, мәреге жетуім керек деп шештім. Жігіттер мен жерлестерім тоқтаусыз қолдау көрсетті. Оларға шексіз ризамын, – деді жауынгер.
Сонымен қатар шетелдік әріптестермен байланысуда аудармашы ретінде ІІМ Интерпол қызметкерлері көмектесті. Айта кетейік, THE UAE SWAT Challenge – күш құрылымдарының арнайы күштері арасында өткізілетін бейресми әлем чемпионаты. Оны «Арнайы жасақтар олимпиадасы» деп те атайды. Бұл жарыстың басты міндеті – арнайы мақсаттағы отрядтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.