×

Астанада ең беделді халықаралық олимпиада өтеді

Еліміздің құрама командасы сапында 4 оқушы бар

 Динара Амантай 08.02.2024 | 17:50
Фото: kadet39.ru

Астанада шілденің 7-14-і аралығында биологиядан ең беделді IBO-2024 35-ші халықаралық олимпиадасы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Халықаралық биология олимпиадасы (IBO) – әлем елдерінің орта мектеп оқушылары арасындағы ең бәсі жоғары бәсеке және білім саласындағы ең ауқымды шаралардың бірі. Қазақстандық мектеп оқушылары ғылыми жарысқа 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 құрмет грамотасын жеңіп алды. Бұл – жоғары көрсеткіштер. Қазақстанның мұндай беделді іс-шараны өткізу орны ретінде таңдалуы да сондықтан. Биылғы олимпиадаға 80 елден 350 оқушы қатысады деп күтіледі. Додада 40-тан астам жүлде таласқа салынады. Еліміздің құрама командасы сапында 4 оқушы бар.

Оқу жылының басынан бастап олимпиада тапсырмаларын халықаралық деңгейде әзірлеу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Тапсырмалар биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы саласын қамтиды. Бүгінде биологиядан Қазақстанның олимпиадалық құрамасы алдағы жарыстарға қызу дайындалып жатыр. «Дарын» орталығында оқу-жаттығу жиындары өтуде. Олимпиада аясында қазақстандық педагогтер үшін биологиядан олимпиада есептерін шешу бойынша шеберлік сабақтары, семинарлар және әлемнің жетекші ғалымдарының ғылыми-тәжірибелік конференциялары өтеді, - деп атап өтті комитет төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама