СҚО-да 1,9 млрд теңгені негізсіз жұмсамақ болған шенеуніктер жауапқа тартылды
Өңірде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджет қаражатының жұмсалуын талдау шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазым иелері «Мемлекеттік сатып алу және сәулет-қала құрылысы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұза отырып, жер учаскесіне құқықты анықтайтын құжаттарсыз 1,7 млрд теңгеге балабақшаның құрылысына мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
Тағы бір жағдайда, Қызылжар, Уәлиханов аудандары әкімдіктерінің лауазым иелері мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына қайшы, ашық конкурстың орнына баға ұсыныстарын сұрау арқылы 107 миллион теңгеден аса мемлекеттік сатып алуды іске асыруға әрекеттенген.
Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар аудандарының әкімдіктері тауардың сапа сертификаттарының болуы туралы талаптарды белгілемей, 148 млн теңге көлемінде спорттық ойын алаңдарын сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуды іске асырды.
Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 8 мемлекеттік сатып алуды жойып, нәтижесінде 1,9 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді.