Қазақстандық вирусологтар маймыл шешегіне қарсы вакцинаны әзірлеуге дайын

Динара Амантай

Мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауын күтіп отыр

Фото: Halyq Uni

Бүкіл әлемге Маймыл шешегі вирусының таралу қаупі төніп отырғаны белгілі. Осыған байланысты қазақстандық ғалымдар қауіпті вирустың алдын алудың маңыздылығын түсініп отыр. Олардың айтуынша, маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Маймыл шешегі вирусын қазірдің өзінде әлемнің 14 елінде 200-ден астам адам жұқтырған. Бір аптаның ішінде науқастардың саны екі есе артып отыр. Бұл аурудың Қазақстанға келуі де ықтимал дейді ғалымдар.

 Иә, маймыл шешегінің Қазақстанға келу қаупі жоғары. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі барады. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз тастүйін дайын болуымыз керек, – дейді биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов.

Қазақ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу инстутутының мамандары коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны ойлап тапқан. Енді маймыл шешегі мәселесін ертерек қолға алуды көздеп отыр. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша маймыл шешек вирусы мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болған. Клиникалық көрінісі бойынша маймыл шешегі ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас.

Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Егер сиыр вирусына негізделген вакцина болса, онда жеделдетілген түрде, ал ковид-19 кезіндегідей жұмыс істесек алты айда вакцинаны дайындап шығуға болады. Одан кейін клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар бар. Яғни Денсаулық сақтау министрлігіне де байланысты болады. Мәселе олардың бізге қаншалықты қолдау көрсетуінде, – дейді ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі.

Дүниежүзілік пандемиядан кейін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай нығайып, эпидемиологтар мен дәрігерлер аса қауіпті инфекциялармен тиімді күресудің төте жолдарын тапты.