Странджа турнирі: Қазақстанның 9 боксшысы жеңіске жетті (ВИДЕО)
Турнирге ұлттық құраманы бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бастап барды
Болгарияның астанасы – София қаласында қалыптасқан дәстүр бойынша жылдың осы мезгілінде боксшылардың Странджа кубогы жолындағы турнирі өтеді. Биыл бұл жарыс 4 ақпанда 75-рет жалауын көтерді.
Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, 12 ақпанға дейін болатын дүрмекті додаға елімізден 10 салмақтағы былғары қолғап иелері қатысып жатыр. Жалпы, халықаралық турнирге әлемнің 28 елінен 178 спортшы қатысуда.
Турнирге ұлттық құраманы бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бастап барды.
Жер-жаһанға «кіші әлем чемпионаты» деген атпен белгілі беделді турнир 4 ақпанда 1/16 финалдық іріктеу сайыстарынан басталды. Сол күні шаршы алаңға шыққан 4 боксшымыз қарсыластарын жеңіп, келесі айналымға шықты.
Руслан Күзеубаев 60 келіге дейінгі салмақта алжирлік қарсыласы Морджан Оуессамамен қолғап түйістіріп, оны 5:0 есебімен жеңсе,1/8 финалда Арменияның Еуропа чемпионы Артюш Гомцианиді де 5:0 есебімен еліне қайтарды.
67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов алаң иесі Благовест Неделчевтен 3:2 есебімен басым түсті.
Кешкі сессияда 54 келіге дейінгі салмақтағы Дәулет Молдашев Қырғызстанның өкілі Руслан Эрнестуулын 4:1 есебімен жеңсе, 80 келіге дейінгі салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет те тағы бір алаң иесі Николай Дишковтен айласын асырды. Дишков қазақ боксшысының соққыларынан «бесінші бұрышты іздеп» кетті. Жекпе-жекте төрешілердің бірауыз шешімімен Құлахмет 5:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін ол 1/8 финалда өзбек Алохон Абдуллаевты жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Бұл жекпе-жекте есеп 4:0 болып тіркелді.
5 ақпанда 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай болгариялық Красимир Джуровты 5:0 есебімен тізе түктірді. 92 келі салмақта Абзал Құттыбеков қытай Хань Сючженьді 4:1 есебімен жеңді.
Сонымен бірге 52 келі салмақтағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 1/8 финалда Қырғызстанның жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бекзат Эргешовті жолда қалдырды. Бұл жекпе-жекте Тәшкенбай қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
57 келі салмақта Оразбек Асылқұлов украиналық Владислав Стасьты да 5:0 есебімен еліне қайтарды. Осы кездесу 1/8 финалда болды.
71 келі салмақтағы Талғат Шайкен 1/8 финалда грузиялық Эскерхан Мадиевтен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұл боксшы – былтырғы әлем чемпионатының ширек финалисі.
75 келіде Нұрқанат Райыс қырғыз Даниэль Абдрахмановты жеңді.
Странджа кубогы жолындағы турнирге Украинадан 21, Өзбекстаннан 19, Болгариядан 18, Грузиядан 14, Үндістаннан 13, Қырғызстаннан 11 боксшы қатысып жатыр.
Турнирде 10 ақпанда жартылай финалдық, 11 ақпанда финалдық айқастар болады.