Halyq Uni логотип
×

Шетелден нәпақа іздейтіндердің саны неліктен артып барады

Өткен жылы Қазақстаннан 2 мыңға жық техникалық маман кеткен

 Халық үні 07.02.2024 | 20:58
Шетелден нәпақа іздейтіндердің саны неліктен артып барады
Фото: СОВА

Күнкөріс үшін шетелге кеткісі келетіндер саны артып барады. Көбі – жастар. Қазақстаннан қандай мамандар шетелге көп кетті, ол жақтағы еңбек нарығының деңгейі қандай? Sputnik Қазақстаннан оқыңыз.

Анар Жұмаш АҚШ-тың Corolla қаласында үш ай жұмыс істеп келген.

Қазақстанмен салыстырғанда көңілімізден шықты. Онда студенттерге үш айға арнайы бағдарлама аясында баруға болады. Ең басты мақсатымыз – тіл үйрену, ел, жер көру болды. Бір шеті еңбек ету еді. Мен Америкадағы тамақ және сусындар сататын әйгілі желіде жұмыс істедім. Ол жерде макдональдс және бургер сатады, - дейді студент.

Оның айтуынша, мұнда қызмет көрсету сапасы жақсы, жұмысшының жағдайы жасалған.

Ең бір көңілімнен шыққаны уақытша тәжірибенің өзіне ақы төленеді. Қазақстанда қоғамдық тамақ сататын жерде жұмыс істейтіндерге уақытша тәжірибе үшін ақша төленбейді, - дейді ол.

Анар Америкада адамның еңбегі жоғары бағаланатынын атап өтті.

Мысалы Қазақстанда мен сияқты жұмысшыларға күніне 5-10 мың теңге төленеді. Ол жерде бір сағаты 14 доллар, ал біз 8 сағат жұмыс істедік. Бұған дейін америкалықтар «шетелдіктерді жақтырмайды, кемсітеді» дегенді естісек, ол жаққа барғанда ешбір кемсіту, шеттету дегенді көрмедік, керісінше бізге көп көмектесті. Жалпы Corolla қаласы америкалықтардың жазғы демалыс орны сияқты. Тұрғындар көп тұрмайды. Біз ағылшынша жетік білеміз деп ойлайтын едік, ол жаққа барғанда керісінше сөздерін түсінбей қалатын кезіміз болды. Сонда жүріп ағылшыншаны өте жақсы үйрендік, - дейді еңбекқор студент.

Анар Америкада тамақ жағынан мәселелер болғанын айтады. Өйткені тағамдарында шошқа еті болады екен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше былтыр қаңтар-қыркүйекте елден 12732 адам кеткен. 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстаннан кеткендер саны 37,4%-ке азайған. Елдегі негізгі көші-қон ТМД аумағында болады. Келгендердің үлесі 88% болса, бұл елдерге кеткендердің үлесі 78,1% екен.
Қазақстандық Динара Әділбекова Францияның Страсбург қаласына осыдан 10 жыл бұрын қоныс аударған. Осы елдің азаматына тұрмысқа шыққан.

Жалпы Еуропада тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта мен коммерциялық емес қауымдастықта жұмыс істеймін. Менің жұмысым - орыс тілді саяси босқындарды қолдау, оларға әкімшілік жағынан көмек көрсету және білім беру. Менің Қазақстанда жұмыс тәжірибем көп бола қойған жоқ. Егер Францияда жұмыс істеудің артықшылықтары туралы айтатын болсақ, мұнда еңбек заңнамасы жұмысшылардың құқықтарын қорғайды. Сіз белгілі бір мерзімге еңбек шартына қол қойғаннан кейін сізді жұмыстан ешкім шығара алмайды, - дейді Динара Әділбекова.

Динараның айтуынша, Францияда жұмыстан босатылған немесе жұмысынан айырылған адамға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы кем дегенде төрт ай төленеді. Әрине, жалақы Қазақстанға қарағанда салыстырмалы түрде жоғары, дейді ол.

Неліктен біздің көптеген жасымыз шетелге кетіп жатыр? Әдетте адамдар сапалы білім мен жақсы өмір сүру үшін отанынан кетеді. Мен бұл әр адамның таңдауы деп айтар едім. Жалпы жақсы өмірден ешкім кетпейді. Өкінішке қарай, ақылды, білімді жастар өздерінің ақыл-ой әлеуетін жүзеге асыра алмаған кезде шетелге кетуге мәжбүр, - дейді Франция тұрғыны Динара Әділбекова.

Ал Мәдина Абзалбекова Польшада тұрады.

Қазақтанда мемлекеттік қызметте істемедім, Польшада жеке кәсіпкермін. Менің ойымша Польша мен Қазақстанның еңбекақысы шамалас. Бірақ ол атқарып жүрген жұмысыңа байланысты. Мысалы мектеп мұғалімдерінің жалақысы теңгеге шаққанда 400-500 мыңдай болады. Еңбекақы айына емес, сағатымен есептеледі. Қанша сағат істейді, сонша ақша алады. Бұл жақтың артықшылығы - әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіледі. ІТ мамандығына келсек, мамандар 2 млн теңгедей еңбекақы алады. Ал корпорация мен компаниялардағы мамандардың ақшасы, әрине, қомақты, - дейді Мәдина Абзалбекова. 

Оның айтуынша, Польшада 8 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Егер өзіңіз қарсылық білдірмесеңіз, қосымша еңбек етуге болады, бірақ оған міндетті түрде ақша есептеледі.

Бір мемлекеттің азаматы басқа елге жұмыс іздеп кетсе, демек өз елінде жағдай жасалмаған. Өйткені оның еңбегі еленбейді немесе көтерілмейді, сондай-ақ еткен еңбегіне қарай лайықты жалақы алмайды, - дейді Польшаны мекендеп қалған қазақ қызы Мәдина Абзалбекова.

Ranking.kz порталының мәліметінше өткен жылы Қазақстаннан 1,8 мың техникалық маман, экономикалық мамандығы бойынша 871 адам, педагогикалық мамандығы бойынша 638 адам, медицина мамандығы бойынша 339 адам кеткен. Сондай-ақ заң мамандығы бойынша 199 адам, сәулет-құрылыс мамандығы бойынша 123 адам, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 125 адам шетелде нәпақасын табуды жөн көріпті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама