×

Елімізде күріш өндірісі бәсеңдеп қалды

Былтыр 11 айда 34,1 млн доллардың күріші шетелге сатылған

 Дәурен Ерболат 07.02.2024 | 15:52
Фото: pixabay.com

Қазақстанда күріш өндірісі бір жылда 8% азайды, деп хабарлады Energyprom.kz.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізде 205,1 мың тонна күріш өндірілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 8,4% аз.

Көбінесе күріш Қызылорда облысында өсіріледі: 12 айда Қазақстандағы жалпы өнім көлемінің 92%-ы немесе 188,8 мың тонна күріш өндірілді. Бір жылда күріш өндірісі 8,9% азайды. Содан кейін күріш Алматы (9,5 мың тонна), Түркістан (6,7 мың тонна) және Жетісу облыстарында (138 тонна) өндірілді.

2023 жылғы қаңтар-қараша қорытындысы бойынша қазақстандық күріш өндірушілер өнімге сұранысты 87,7% қамтамасыз етті. Бұдан бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 95,7%.

Импорттың үлесі 12,3%-ға өсті. Осы кезеңде Қазақстанға 26,6 мың тонна күріш әкелінді. 2022 жылғы 11 аймен салыстырғанда бірден 2,8 есе көп.

Экспорт 3,2% өсіп, 102,5 мың тонна болды.

Ішкі нарықтағы сатылым бір жылда 4,7%-ға төмендеп, 114,5 мың тоннаны көрсетті.

Былтыр қаңтар-қарашада 34,1 млн долларға 110 мың тонна күріштің барлық түрі экспортталды. Физикалық мәндегі өсім – 8,8%. Ақшалай есептегенде, керісінше, 31,8% төмендеу байқалды.

Қазақстандық күріштің негізгі бөлігі ТМД елдеріне жөнелтілді: 98,4% немесе 108,2 мың тонна, құны – 32,8 млн доллар.

Экспорт физикалық түрде 11,5% өссе, ақшалай түрде 31% төмендеді.

ТМД елдерінің ішінде экспорттың ең көп көлемі Өзбекстанға (59,6 мың тонна) жіберілді. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 2,4 мың тонна.

Ресей мен Тәжікстан да алғашқы үштікке енді: тиісінше 25,7 мың және 18,2 мың тонна.

Қазақстан ТМД-дан тыс басқа елдерге 1,8 мың тонна күріш жіберді. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 55,5% аз. Мұндағы негізгі елдер – Ирак, Ауғанстан, АҚШ, Моңғолия, Түркия, Грузия және Израиль.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама