Halyq Uni логотип
×

Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті – Тоқаев

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

 Дәурен Ерболат 07.02.2024 | 12:00
Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті – Тоқаев
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің пікірінше, еліміз жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беруі керек.

«Оның негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда мұнда мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар.

Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн.

Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейгенін атап өтті.

«Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс.

Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама