Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесті қолдау
Жаңадан тағайындалған премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің халық игілігіне қызмет ететінін мәлімдеді.
Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту бағытында бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды, – деді Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салалар барынша дамиды. Отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады.
Сондай-ақ реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосу жоспарланып отыр. Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесті қолдау.
Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдаланған маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады, – деді жаңа премьер-министр.
Бұдан бөлек, көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру да Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болмақ. Цифрландыру, жасанды интеллекттің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту да аса маңызды міндеттер.
Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын іске асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді, – деді Олжас Бектенов.