Сынақ Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде өтті
Қарулы күштерде отандық ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар сыналды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде кәсіпорындардың өкілдерімен бірігіп, Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін арнайы әзірленген ұшқышсыз ұшатын аппараттардың алғашқы сынағы өткен.
Бұған дейін хабарланғандай, Киров атындағы Петропавл ауыр машина жасау зауытында қытайлық серіктестермен бірге жаңа буын дрондардың 6 моделі шығарылған болатын. Содан кейін еліміз өндірісті толығымен өз қолымен жасауды жоспарлап, аталған кәсіпорында ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісін іске қосты.
Бұл жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің ҚХР-ға сапарынан кейін іске қосылды. Онда ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қолда бар мәліметке қарағанда, осы зауыттан дрондардың жетілдірілген модельдері шығарылып жатыр. Киров атындағы «ПЗТМ» АҚ бас директоры Арман Құлмағамбетовтің айтуынша, жоспарлар мен сызбаларда авиациялық керосинмен де, аккумулятормен де ұшатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының 27 түрі бар.
Қазір еліміз дрон шығаруды мықтап қолға алды. Қорғаныс министрлігі өндірісті толығымен өз қолымен жасауды жоспарлап отыр. Компоненттер қазірдің өзінде өндіріліп жатыр.