Halyq Uni логотип
×

«77,4 пайыз қазақ тілінде»: 96 мың талапкер ҰБТ тапсырды

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-химия» комбинацияларын таңдаған

 Дастан Жұмабекұлы 06.02.2024 | 14:40
«77,4 пайыз қазақ тілінде»: 96 мың талапкер ҰБТ тапсырды
Фото: matematik.kz

Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 96 мыңға жуық адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 77,4 пайызы қазақ тілінде, 22,5 пайызы орыс тілінде, 57 талапкер ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл 68 балл болды.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-химия» комбинацияларын таңдаған. Нақты айтсақ, 18%-ы тапсырды. «Математика-физика» пәндерін 17%-ы таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 12%-ы таңдаған «Математика-информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-физика», оны 108 адам тапсырған.

Үш аптаның қорытындысы бойынша ең жоғары балл – 136. Жалпы, еліміз бойынша 56 тестке қатысушы 130 балдан жоғары жинады.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптада 242 талапкер қатысқан.

118 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 79 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде адамдар анықталған жоқ.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама