AMANAT партиясы премьер-министрлікке өз кандидатын ұсынды

Динара Амантай

Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылайды

Олжас Бектенов, фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан премьер-министрдің кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды, – делінген Ақорда хабарламасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен жуық арада талқылайды.

Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген (2001).

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2005-2006 жылдары – ҚР премьер-министрі кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы. 

2006-2009 жылдары – ҚР Президентінің әкімшілігінде қызмет істеді.

2009-2012 жылдары – ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

2023 жылдың 3 сәуірінен бастап ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.