×

Балық өнімі жалған құжатпен шетелге сатыла жаздаған

Тергеу кезінде 125 тонна өнімнің қоймада сақталғаны анықталды

 Дастан Жұмабекұлы 06.02.2024 | 11:22
Фото: видеодан кадр

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті балық өнімінің аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Сотқа дейінгі тергеуде анықталғандай, балықты шетелге сатумен айналысқан күдікті компания 2022 жылдың шілде айы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында Еуропа одағы елдеріне 1 135 тоннадан аса көксерке сүбесін экспорттаған.

ЖШС шетелге балықты сатуға рұқсат алу үшін балықтың Қырғыз Республикасынан ауланып, елімізге кіргізілгендігін растайтын ветеринарлық сертификатты пайдаланған. Алайда балықтың Алматы облысының су қоймаларынан рұқсат құжаттарынсыз ауланғаны анықталды.

Тергеу кезінде экспорттауға дайын тұрған 125 тонна балық өнімінің қоймада сақталғаны белгілі болды.

Қазір тергеп-тексеру шаралары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық контрабанда үшін заңмен жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама