Астанада балалар иппотерапиямен емделеді (ВИДЕО)
Қазір 100-ден аса бала ем алып жатыр
Астана қаласында «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, алдағы кезде «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері енді иппотерапиямен емделе алады.
Былтыр 1 қазаннан бастап Астанада иппотерапиямен емдеу әдісі қолға алынған болатын. Серпінді жобаның үш айында 72 бала емделді. Қазір мұнда 100-ден аса бала ем алып жатыр. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде 20 жылқы болса, оның тең жартысы балаларды емдеуге пайдаланылып жатыр. Яғни, балалар атқа мініп, ем алады, – деді Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
Кешенде сейсенбі және бейсенбі күндері балаларды емдеумен арнайы оқудан өткен реабилитолог-дәрігерлер мен иппотерапия саласындағы білікті мамандар айналысады.