Олардың құрамында негізінен жастар болған
Ішкі істер министрлігі бірнеше өңірде қылмыстық топтарды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Мұндай топтар көбінесе жасырын сипаттағы қылмыстарды жасаған. Жәбірленушілер қорыққанынан немесе басқа да себептерге байлайнысты полицияға арызданбаған.
Жақында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Шымкент және Павлодар қалаларында осындай 2 топтың ұсталғанын хабарлаған. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Биыл қаңтарда басқа да өңірлерде осындай топтар ұсталды. Мысалы, Шымкентте жедел ақпаратты тексеру барысында университеттердің бірінен 3 студентті ұрлау фактісі анықталды. Тексеріс барысында 20 жастағы 6 жігіттің криминалитет өкілінің ықпалына түсіп, бірнеше бопсалау және өзге де қылмыстар жасағаны анықталды. Бір эпизодта олар 3 студентті көлікке отырғызып, қаланың сыртына апарған. Одан кейін олар күш көрсетіп, мобильді қосымша арқылы онлайн несие ресімдеткен және 700 мың теңгені тартып алған. Топтың барлық қатысушысы ұсталды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ Алматы облысында 23 жастағы 3 тұрғыннан тұратын топ ұсталды. Олар 2005 жылы туған қызбен келісіп, адамдарды алдап, пәтерге апарып отырған. Онда олар жәбірленушілерді күш көрсетеміз деп қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Павлодар облысының Ақсу қаласында бопсалау және алаяқтық қылмыстар жасағаны үшін жастардан тұратын топ ұсталды. Оның қатысушылары қорқыту және алдау арқылы жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеген. Содан кейін ақша мен тауарларды иемденген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Ақмола облысында қылмыстық топтың 2 мүшесі бұрын жергілікті тұрғыннан 500 мың теңге бопсалаған. Күдіктілердің бірі 2005 жылы туған және ұқсас қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екінші күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ анықталды. Олардың құрамында көбінесе семейлік жастар болған. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті университеттің екінші курс студенті. Өткен жылдың тамызынан бастап ол қаскөйлерге 700 мыңнан аса теңге берген. Күдікті қамауға алынды. Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру нәтижесінде 2 шолақ мылтық, әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді. Қару 2005 жылы туған колледж студентіне тиесілі болған, - деді Қуандық Алпыс.
Жастар арасындағы қылмысты болдырмау үшін ІІМ жағдайды ерекше бақылауда ұстайды.