Halyq Uni логотип
×

«Өлетін келін емес еді»: Түркістан облысындағы перзентханада қайғылы жағдай болды

Марқұмның жақындары Севараның көзі тірісінде ешқандай ауруы болмаған дейді

 Халық үні 05.02.2024 | 23:55
«Өлетін келін емес еді»: Түркістан облысындағы перзентханада қайғылы жағдай болды
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында босануға келген 18 жастағы келіншек көз жұмды. Севара Абдуллаева Қарабұлақ ауылының ауруханасына толғақпен түскен. Марқұмның туыстары келіншектің ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылайды. Бірақ қажетті ем-домның бәрін жасадық деген медициналық мекеме қызметкерлері өлімнің нақты себебін сараптама ғана айқындайды деп отыр. Бұл туралы КТК арнасын хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, қара жамылған Әбілқасымовтар әулеті бір аптадан бері аза тұтып жатыр. Тұңғышын босануға кеткен келіндерінің ауруханадан мәйіті шыққан. Марқұмның жақындары Севараның көзі тірісінде ешқандай ауруы болмаған дейді. 24 қаңтар күні босанған кезде енесі тіпті көріп қайтқан екен. Енді Севараның соңғы видеосына қарап жылағаннан басқа шарасы жоқ. Босанғаннан кейін үш күн өткенде Севараның жансақтау бөліміне түскенін ауруханадағы кездейсоқ адамдардан біліпті. Дереу жетіп барған кезде дәрігерлер ештеңе түсіндіріп айтқан жоқ дейді енесі. Тұңғышын босанған келіншек жансақтау бөлімінде екі сағат өткен соң көз жұмыпты. Дәрігерлер оның мәйітін көруге де мүмкіндік бермеді деп отыр жақындары.

«Менің күдігім, сағат 2-де түскенде, келінім жақсы еді. Дәрігердің салғырттығынан, қате екті ме, қателік жіберді ме ... Өлетін келін емес еді. Бір сағат ішінде болды ғой. Қалай сенесің, ауырмаған келінді өлтіріп қойғанына. Жүрегі жарылып кетті деп жатыр. Бір рет жүрегіне шағым айтқан емес. Тоғыз ай жүріп өзі туған келін, қалай жүректен өліп қалады», - дейді марқұмның енесі Гаухар Абулкасимова.

Дәрігерлер үш күн палатада жатқан Севараның кенеттен жүрегі қысылды дейді. Сондықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызып, облыстың ең білікті деген мамандарын санавиациямен шақырттық дейді. Бірақ мамандар шалғайдан жеткенше өмірден озды дейді. Ал мүрдені тексерген Шымкенттің паталого-анатомиялық бюросы келіншектің өкпе тамыры үзіліп кеткенін айқындапты.

 «Ол сараптама қорытындысы, алдын ала болжамы өкпе тамыры тромбоэмболиясы деген. Қорытындысынан кейін бірнеше комиссия келіп, бұл іс тексерілетін болды, бақылау комитеті жағынан, денсаулық басқармасы жағынан. Одан бөлек өздері ішкі істер бөліміне арызданды. Ол жақтан да тергеу жүргізілуде», - деді Қарабұлақ ауруханасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев.

Севара Абдуллаеваның денесі 28 қаңтар күйеуінің туған күні Қарабұлақ ауылында жерленді. Жаңа туған шақалақ Айша, әкесінің қарындасымен бірге Шымкенттегі перинеталдық орталықта жатыр. Ал анасының нақты неден өлгенін енді арнайы тағайындалған сараптама қортындысынан белгілі болмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама