Қазақстан спортшылары әлемдік рейтингте көш бастады
Осы демалыс күндері конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасы Канада мен Жапонияда өткен Әлем кубогы кезеңдерінде тарихи нәтиже көрсетті. Еліміздің қоржынына 2 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль түсіп, спортшыларымыз әлемдік рейтингте көш бастады.
2-4 ақпанда Канаданың Квебек қаласында ересектер арасында өткен Әлем кубогында Қазақстан әйелдер құрамасы командалық спринтте бақ сынап, еліміздің тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге ие болды. Команда құрамында тәжірибелі Екатерина Айдова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алина Дауранова мен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының иегері Инесса Шумекова өнер көрсетті. Бұл құраммен алғаш рет жарыс алаңына шыққан спортшыларымыз 1:29.16 нәтижесін тіркеп, 3-орынға жайғасты. Нидерланды құрамасы кубоктың иегері атанса, Польша командасы күміс жүлде иеленді.
Бұл жарыспен қатар, Жапонияның Хатинохе қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер мен нео-сеньорлар арасындағы Әлем кубогының үшінші кезеңі болды.
Жарыстың бірінші күні Қазақстан конькишілер 6 медальді жеңіп алды.
Нео-сеньорлар арасындағы Team Sprint командалық жарысында әйелдер құрамасы алтын (1 минут 33.82 секунд), ерлер командасы қола (1:28.02) жүлдеге ие болды.
Жасөспірімдер арасындағы Team Sprint командалық жарысында әйелдер күміс (1:31.47), ерлер қола (1:23.89) жүлдені жеңіп алса, 1000 метрге жүгіруде (нео-сеньорлар) Маргарита Артемьева күміс (1:22.03), Мария Кузнецова қола (1:23.84) медальді иеленді.
Жарыстың екінші күні спортшыларымыз 4 медаль жеңіп алды.
500 метрге жүгіруде (нео-сеньорлар) Маргарита Артемьева алтын (40.86 секунд) жүлдені мойнына тақса, Мария Кузнецова қола (41.38) жүлдегер атанды.
1500 метрге жүгіруде (нео-сеньорлар) Алена Лифатова мәреге үшінші болып келді. Оның нәтижесі – 2 минут 12.01 секунд.
Жаппай стартта (нео-сеньорлар) Маргарита Артемьева финишке 6 минут 48.84 секундта екінші болып жетті.
Конькимен жүгіру спортынан 2023-2024 жылғы маусымы біз үшін жақсы болып жатыр. Квебекте қыздарымыз алғаш рет командалық спринтте қола жүлдегер атанып отыр. Бұл қуанышымызбен қатар, Жапониядан жасөспірімдер командасы да жеңісті хабармен қуантты. Әлем кубогы жарысында бірден 10 медаль алдық. Бұл дегеніміз – конькимен жүгіру спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Үміт артып отырған өскелең ұрпағымыз бар. Нәтиже көрсетіп жүрген мықты спортшыларымыз және бар. Ұлттық құрамаға алдағы олимпиялық маусымдарға резерв дайын деп сенімді түрде айта аламыз. Қазір әлемдік рейтингтің бірнеше дистанциясында көш бастап тұрмыз. Осы қарқыннан қалмай, келе жатқан әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге барынша тырысамыз, – деді кезінде Олимпиадаға қатысқан, конькимен жүгіруден ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Кенжеш Сәрсекенова.
Сондай-ақ Жапонияда 2023-2024 жылғы Әлем кубогының барлық кезеңдеріндегі ұпайлар қосындысы бойынша маусымның ең мықты спортшылары анықталды. Бұл тізімде отандастарымыз көш бастап, жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, Қазақстан әйелдер арасындағы командалық жарыста 1-ші, ал ерлер арасындағы командалық жарыста 2-орынды алды.
Жаппай стартта Мария Кузнецова 3-орыннан көрінсе, Маргарита Артемьева 500 метрге жүгіруде алдына жан салған жоқ. Осы сында Инесса Шумекова мәреге үшінші болып жетті.
1000 метрге жүгіруде Инесса Шумекова мәреге екінші, Алена Лифатова үшінші болып келді.
Жасөспірімдердің командалық жарысында қыздар 2-орынға табан тіреді.
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) маусымның үздіктері деп таныған спортшыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етті.