Мектептегі «атамандар» полиция бақылауына алынды
Бопсалаудың 40 дерегі тіркелді
Мектептердегі 1 400-ден аса «атаман» полиция бақылауына алынды. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция басқармасының басшысы Әсет Оспанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу жылы басталғалы бері жасөспірімдер арасында қоғамда тәртіп бұзуға бейім 1 400-ден аса бейресми көшбасшы анықталды. Барлығы ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тіркелді, - деді Әсет Оспанов ІІМ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, өгей әкесімен бірге тұратын балалар ерекше бақылауға алынады.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін полицияның алгоритмі әзірленді. Оған сәйкес, әкімшілік учаскені аралау кезінде өгей әкесі және өгей шешесімен бірге тұратын балаларға ерекше назар аударылады.
Былтыр желтоқсанда мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылыққа, қорқытуға (буллингке), кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді.
Өңірлердегі әкімдіктер жанынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және оған ден қою үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды», - деді басқарма басшысы.