Қазақстанның бірінші ракеткасы 2022 жылғы жетістігін қайталады
Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Францияның Монпелье қаласында ATP 250 турнирінің жеңімпазы болды.
Ол финалда әлемнің 37-ракеткасы, хорватиялық, 27 жастағы Борна Чоричпен кездесті. Хорватиялық спортшы осыған дейін Марракеш, Галле және 2022 жылы Цинциннати мастерс турнирінде үздік шығып, әлемдік рейтингте 12-орынға дейін көтерілген еді. Ал Бублик осыдан 2 жыл бұрын Монпелье, өткен жылы Антверпен мен Галле жарыстарының жеңімпазы атанған болатын.
Мачта бірінші партияда Бублик 3:0 есебімен алға шыққанмен, сол басымдылығын ұстап тұра алмады. Бұл партияда отандасымыз Чоричтен 5:7 есебімен жеңілді. Ал екінші сетте Бублик екі брейкті тиімді пайдаланып, 6:2 есебімен басым түсті. Үшінші партияда да Бублик тағы да брейкпен алға шығып, матчты 6:3 есебімен аяқтады.
Осылайша, Александр Бублик Монпелье турнирінде екінші рет жеңімпаз атанды. Бұл турнирдің жүлде қоры 580 мың еуро болды.