Қазақстан алғаш рет су спортынан алтын жүлде алды
Эдуард Ким мен Нарғыз Болатова әлем чемпионы атанды
Катардың астанасы – Доха қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің спортшылары алғаш рет алтын жүлдені жеңіп алды.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Эдуард Ким мен Нарғыз Болатова жұбы техникалық бағдарламада чемпион атанып, әнұранымызды шырқатты. Ұлттық құраманың қос спортшысы финалда 228,0050 ұпай жинады. Төрешілер бағдарлама қиындығы жағынан олардың өнерін жоғары бағалады (31.5000 балл). Бұл – Қазақстан өкілдерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы алтын медалі. Бірінші жүлдені былтыр Жапонияда өткен әлем чемпионатында техникалық бағдарламада Эдуард Ким жеңіп алған болатын. Ол қола медалист болды.
Күміс медаль Қытай құрамасына (Вэньтао Чэн мен Хаоюй Ши), қола жүлде Мексика командасына (Миранда Хименес пен Диего Каррильо) бұйырды.
Эдуард Ким пен Нарғыз Болатова алдағы күндері Қазақстан қоржынын тағы бір жүлдемен толықтыра алады. Ол үшін еркін бағдарламада осы қарқыннан таймауы керек.
Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын жүлдемен 5-орынға көтерілді. Көш басында Қытай тұр.
Жалпы, Әлем чемпионатында 17 мемлекет жүлдеге ие болды.