Алматыда жер сілкінісінен 200-ге жуық нысанның қабырғасы жарылған
Оның 70-і – көпқабатты үй
Алматыда болған жер сілкінісінен кейін 200-ге жуық ғимараттың қабырғасында жарықшақтар пайда болған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Жалпы, 5 балл жер дүмпуінен кейін 188 тұрғыннан баспанасының зақымданғаны жөнінде хабар түскен. Оның 70-і – көпқабатты үй. Қазір арнайы жұмыс тобы бұл нысандарды жан-жақты сараптамадан өткізіп жатыр.
Апатты жағдайдағы немесе жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар туралы ақпарат жақын арада жарияланады. Әлеуметтік нысандар мемлекет қаржысына жөнделеді.
Еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ол жерде кәдімгі жарықтар. Оны кезекті жөндеу кезінде қалпына келтіруге болады. Мен назарларыңызды аударғым келетін жалғыз нәрсе – біріншіден, кондоминиум нысаны саналатын барлық жеке көпқабатты тұрғын үй кешені өз қаражатымен жөнделуге тиіс. Қалған әлеуметтік нысандар белгіленген тәртіппен, мемлекет есебінен жөнделеді, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.