Ұлытау облысында адам өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды
Сотталушының кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен расталды
Ұлытау облысында адам өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жезқазған қалалық сотында көлiкті масаң күйде басқару салдарынан абайсызда бір адамның өліміне себепкер болды және тағы бір адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірді деген айып тағылған азаматқа қатысты қылмыстық с қаралды.
Сотта анықталғандай, 2023 жылғы 30 қыркүйекте сағат 11:00 шамасында сотталушы «Reno Sandero» маркалы автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарып, Жезқазған қаласына қарай келе жатқан. Артынша Жезқазған-Медзауыт саябағы автожолында қозғалып келе жатып, жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзып, қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып, «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Toyota Camry» маркалы автокөлігінің жолаушысы дене жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қаза тауып, тағы бір жолаушының денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiрілген.
Сот отырысында сотталушының кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы орташа қылмыстарға жататынын, абайсызда жасалғанын, сотталушының жасаған әрекетінің сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басының мәліметтерін, жәбірленушілердің пікірін, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуы - сотталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді, – делінген сот хабарламасында.
Соттың үкімімен жүргізуші кінәлі деп танылып, оған аталған бап бойынша 10 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленушілердің талаптары ішінара қанағаттандырылып, сот ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге алып, сотталушының материалдық жағдайын ескере отырып, жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге, екінші жәбірленушінің пайдасына 1 млн теңге моральдық зиянды өтеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.