Сапасыз құралдар науқастың өміріне қауіп төндіруі мүмкін
Еліміздегі емханалар, ауруханалар, әскери госпитальдар мен лазареттерге 73,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Былтыр комитет және оның аумақтық департаменттері медициналық мекемелерге 671 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 104 медициналық мекемеде 6 мыңнан аса сенімсіз өлшеу құралы пайдаланылғаны анықталды. Оның ішінде қан қысымын өлшейтін құралдар, өкпені жасанды желдету аппараттары, дифебриляторлар және тіпті жаңа туған нәрестеге арналған инкубаторлар да бар.
Медицинада өлшеу құралын уақтылы тексермеу бұрыс өлшеу нәтижесіне әкелуі мүмкін. Бұл қате диагнозға әкелуі ықтимал және өмірге қауіп төндіреді, - деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.