Инвестициялардың жалпы көлемі 600 млн теңгеден асады
Прокурорлық қадағалаумен Ақтау қаласының әкімдігі инвестор «Алға Ақтау» ЖШС-не жерге рұқсат беру кезінде мерзімдерді негізсіз созбаққа салу дерегі анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Прокуратураның қалалық әкімдікке қадағалау актісін енгізе отырып араласуынан кейін жер учаскесіне қатысты тиісті қаулы шығарылып, қалалық әкімдіктің кінәлі қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осындай заң бұзушылықтар басқа да инвесторларға қатысты болған.
Басқа жағдайда, қала әкімдігі «Жанарыс» ЖШС-інде тиісті құжаттардың болуына қарамастан (сәулет-жоспарлау тапсырмасы, эскиздік жоба және т.б.), жеткілікті рұқсат құжаттарының болмау фактісі бойынша тексеріс жүргізуге бастамашылық жасаған.
Қазір бұл тексеру заңсыз деп танылып, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралып жатыр.
Осылайша, прокуратура 400 орындық мектеп, 150 балаға арналған балабақша және арнайы киім тігу өндірістік цехын салу бойынша жобаларды одан әрі іске асыруға ықпал етті. Аталған объектілерге салынған инвестициялардың жалпы көлемі 600 млн теңгеден асады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда.