×

«Шекарадағы тексерулер азайып, көлік кептелісі жойылады» - Тоқаев

Сауда көлемі 2 миллиард долларға жетеді

 Дастан Жұмабекұлы 26.05.2022 | 17:44
фото: sputnik.kz

Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өткізген брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел азаматтарының шекарадан өту мәселесі туралы әңгіме қозғады.

Ол келіссөздерде азаматтардың шекарадан оңай өту мәселесі басты назарда болғанын айтты.

Біз азаматтардың шекарадан оңай өту мәселесін басты назарға алдық. Жүк тасымалдау рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы уақытта бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр Қордай бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат - шекарадағы тексерулерді азайып, көлік кептелісін жою. Осы ретте, мен цифрлық технологияны енгізудің қажеттілігі орасан зор екенін атап өттім. Бұл жұмыс екі ел үкіметтерінің ерекше бақылауында болады. Осылайша, біз өңірлердің ынтымақтастығына да тың серпін береміз, - деді ол.

Президент осы мәселені реттеу үшін цифрлық технологияны енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Жақын арада сауда көлемі 2 миллиард долларға жетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама