Апаттан 5 адам зардап шекті
Қырғызстанның премьер-министрі Ақылбек Жапаров елде болған төтенше жағдайға байланысты шұғыл түрде Алматыдан Бішкекке ұшып кетті, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.
Бішкектегі жылу электр орталығында апат болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, онда жарылыс болған.
Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, апаттан 5 адам зардап шеккен. Қазір олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккендер – 22-35 жаста.
Бішкек тұрғындары пәтерлерінің суып кеткенін айтып, шағымданып жатыр. Бүгін қаладағы оқушылар қашықтан оқиды.
Апатқа байланысты Алматыдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына қатысып жатқан Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров шұғыл түрде Бішкекке ұшып кетті. Ол энергетикадағы ахуал бойынша оперативті штабтың отырысын өткізеді.