Бір өңірде отбасының шырқын бұзған 88 адам жауапқа тартылды
Олар қырағы бақылауда болады
Абай облысында полиция отбасының шырқын бұзған 88 тұрғынды жауапқа тартты, деп хабарлады Polisia.kz.
Жыл басынан бері өңірде отбасында туындаған жанжалға байланысты 390-нан аса өтініш қаралған.
2023 жылғы шілдеден бастап полиция отбасының шырқын бұзатындарды арызсыз жауапқа тарта алады. Алайда алдымен әкімшілік іс қозғалады. Содан кейін сот айыпталушының әрекетіне құқықтық баға береді.
Биыл қаңтарда учаскелік полиция инспекторлары отбасының шырқын бұзудың 88 фактісін анықтады. Олар зардап шегуші тараптың арызынсыз жауапқа тартылды. Осылайша, 20-дан аса құқық бұзушы сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.
315 отбасылық жанжалға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды, 46-сына мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді. Олар полицияның ерекше бақылауында болады.