Канвон-2024: Олимпиаданың соңғы күні жарысқа шаңғышылар шықты
Қазақстан эстафетада сынға түсті
Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының соңғы жарыс күні болып жатыр.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, ұлттық құрама спортшылары тек шаңғымен жарыста жүлдеге таласты.
Командалық эстафетада (4×5 шақырым) Берік Боранбаев, Әубәкір Тотанов, Милана Мамедова, Виолетта Митропольская квартеті 16-орыннан көрінді. Олар мәреге 58:57.4 секунд өткеннен кейін жетті. Мұнда Германия спортшылары үздік нәтиже көрсетіп (53:07.3), чемпион атанды.
Франция (53:13.0) шаңғышылары күміс, Швейцария (53:13.3) өкілдері қола медаль жеңіп алды.
Бүгін жарыс жолына барлығы 24 елдің құрамасы шықты.
Сондай-ақ, бүгін мәнерлеп сырғанау мен керлингтен жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімі белгілі болады. Ал Астана уақытымен кешкі сағат 17:00-де Youth Olympic Park кешенінде ойындардың жабылу салтанаты өтеді.
Қазір Қазақстан спортшылары жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 19-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтын медальді Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден ұлттық құрама қола жүлдені жеңіп алған.
IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көруге болады.