Қарағанды облысында 222 метр рельсті ұрлаған бір топ адам ұсталды
Келтірілген шығын көлемі 54 миллион теңгеден асты
Көлік полицейлері ұзындығы 222 метр рельсті ұрлаған бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Көліктегі ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылдың сәуір айында бір топ адам арнайы техниканы пайдалана отырып, «Жезқазған-РЗД-1» станциясының аралығында ауыстырып төсеуге арналған жалпы ұзындығы 222 метр болатын рельсті ұрлаған. Сонымен қатар 1600 метр темір жол төсемі зақымдалып, шығын сомасы 54 миллион теңгеден асты.
21 мамырда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен төрт адамды ұстады, – деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Департамент бастығы ұсталғандардан заттай дәлелдемелер алынғанын айтты. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігінің 3 тармағы, яғни аса ірі мөлшерде адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне қарай жариялауға жатпайды.