Абай облысының оқушылары робототехникадан ел намысын қорғайды
Орталық Азия чемпионаты Астанада болады
Алматы қаласының Tamos мектебінде робототехника бойынша FIRST Championship өңірлік іріктеу чемпионаты өтті. Оған елімізден 38 команда қатысты. Екі күндік жарыста Абай облысының АLASH құрамасы топ жарып, жүлделі 2-орынды иеленді.
Чемпионаттағы үздік командалар ақпан айының соңында Астанада өтетін FIRST Орталық Азия кезеңіне жолдама алды. Облыс командасы Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.
Электротехникалық колледж студенттері мен Абай ауданы Ш. Әбенов атындағы мектеп оқушыларынан жасақталған команда құрамында колледж студенттері Азамат Бейбітұлы, Руслан Нестеренко, Нұрбол Жүнісов, Бекжан Қорғамбаев, мектеп оқушылары Ералы Сырымұлы, Санжар Асқарұлы, Елдар Оразбеков, Жанболат Қайроллаев бар.
Алматыдағы чемпионатқа Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам сутедент пен оқушы қатысты. Жарыс 3 бағытта болып, онда чемпионатқа қатысушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды.