Қысқы трансфер 9 ақпанда жабылады
Түркия ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Адана Демирспор» футбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысын сатып алуы мүмкін.
Telegram-дағы Sportqazaq арнасының мәліметіне қарағанда, футболшы бүгін түнде Түркияға жолға шыққан. Ол Анадолы елінде медициналық тексерістен өтіп, келісімшартқа қол қоюы ықтимал.
Түркияда қысқы трансфер кезеңі 9 ақпанда жабылады. Сондықтан еш қиындықсыз үлгеруге болады, – делінген хабарламада.
«Ақтөбе» клубының басшылығы да Айымбетовті команда қатарынан көргісі келеді. Бірақ футболшы биылғы маусымнан бастап шетелде ойнағысы келеді екен. Сол үшін ол «Астана» клубымен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі оқу-жаттығуға бармапты.
Еске сала кетсек, Абат Айымбетов «Ақтөбе» клубында 2012-2019 жылдары ойнаған. Одан кейін бір жыл Алматының «Қайрат» командасында доп теуіп, Ресейдің «Крылья Советов» жасағының жейдесінде алаңға шыққан. Ал 2021 жылдан бері ол «Астана» клубының намысын қорғап келеді.