ҰҚК былтыр екі террорлық әрекеттің алдын алған

Динара Амантай

Ведомство басшысы алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы мәлімет берді

Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президентке ведомствоның 2023 жылы атқарған жұмысының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр ҰҚК бөлімшелерінің елімізде 2 террорлық әрекеттің және шетелдің арнаулы қызметтерімен бірге өзге мемлекеттер аумағында 3 лаңкестік акцияның алдын алғаны баяндалды. Лаңкестік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 43 адам сотталды. Жыл бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен терроризмге қарсы 208 командалық-штабтық және 196 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткен.

Ермек Сағымбаев экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жиі кездесетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі жөнінде айтты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы 1,5 триллион теңгеден астам қаржы түскен, соның ішінде мемлекеттік бюджетке қайтару бастамасы аясында 680 миллиард теңгеден аса қаржы қайтарылды.

Сонымен қатар кездесуде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұйымдасқан 15 қылмыстық топ қызметінің жолы кесілгені, сондай-ақ 681 қару мен 85 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленгені айтылды.

Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша 36 зертхана жойылды. 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі арнасына тосқауыл қойылып, 3,6 тонна есірткі тәркіленді.

ҰҚК халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік әріптестерімен бірқатар операцияны іске асырды.

Мемлекеттік шекараны күзету саласында құқық бұзған 31 мыңнан астам адам ұсталған. Қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 739 әрекетке, сондай-ақ жалпы сомасы 11,7 миллиард теңге болатын валюта мен алтынды, сомасы 12,6 миллиард теңгені қамтитын тауарды тасымалдауға жол берілмеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері мемлекеттік органдардың ресурстарына және елдің маңызды стратегиялық инфрақұрылым нысандарына жасалған 86,3 миллион кибершабуыл мен 2156 DDoS-шабуылды тойтарған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.