Halyq Uni логотип
×

Өңірлерде депутаттар сайлауының қашан өтетіні белгілі болды

Барлығы 3 облыстық, 20 қалалық және 60 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады

 Динара Амантай 31.01.2024 | 17:27
Өңірлерде депутаттар сайлауының қашан өтетіні белгілі болды
Фото: Halyq Uni

Биыл 31 наурызда Қазақстанда мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

ОСК баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 101-бабы 3-1-тармағына сәйкес, шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау (қосымша сайлау) наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі.

2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша қалыптасқан бос орындарды ескере отырып, республиканың 14 өңірінде (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары) тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 83 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындады.

Барлығы 3 облыстық, 20 қалалық және 60 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, мәслихат депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округтер бойынша сайланатын кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтар ұсынады.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс. Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар, сондай-ақ сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамдар сайлану құқығына ие бола алмайды, – делінген хабарламада.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну биыл 31 қаңтардан бастап 29 ақпанның сағат 18:00-ге дейін өтеді. Кандидаттарды тіркеу 5 наурызда сағат 18:00-де аяқталады.

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес тиісті аумақтық сайлау комиссиялары шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды тағайындайды. Округтік және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық жасап, сайлау комиссияларының орналасқан жерi туралы сайлаушыларға хабарлайды және мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Округтік сайлау комиссиялары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды ұйымдастыруды мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты, сондай-ақ олардың қызметiнің Сайлау туралы Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін бақылауды іске асырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама