Биыл 1 мамырдан бастап елорда әуежайының ұшу-қону жолағына шектеулер енгізіледі
Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін
Биыл 1 мамырдан бастап елорда әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты шектеулер енгізіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Астана қаласының әуежайын толық жаңғыртуға байланысты дайындық жалғасып жатыр. Оның шеңберінде Көлік министрлігі елорда әуежайы басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе компанияларының өкілдерімен кеңес өткізді.
Бірқатар келіссөздің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.
Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуеайлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады. Бұл іс-шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейтінін атап өткен маңызды. Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстан авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен іске асырылатын болады, – делінген хабарламада.
Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілгенін және сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға артылған басты міндет – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу. Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылатын болады. Бірінші кезекте әуе кемелерінің барлық түрлерін шектеусіз қабылдау үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әуеайлақ жабындарының сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған.
Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялары мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейстің мәртебесін нақтылау ұсынылады.