Қазір жәбірленуші мен айыпталушы тарап іспен танысып жатыр
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «әйелін аса қатыгездікпен өлтірді» деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша тергеу толық аяқталғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір іспен танысып жатырмыз. Осыдан кейін сотқа жібереміз. Жәбірленуші мен айыпталушы тарап іспен танысып жатыр. Бірнеше томнан тұратын қылмыстық істі қарайды. Тергеу толық аяқталды. Біз танысып болған соң, істі прокуратураға жолдаймыз. Прокуратура арқылы істі сот қабылдайды, - деді Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.
2024 жылдың 16 қаңтарында Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылғаны хабарланды.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуға тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.
2019 жылдың қарашасында 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. Экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев Бишімбаевтың Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіргенін, оның арызы толық қанағаттандырылғанын айтты.