Әлем кубогы: Никита Чирюкин – тапаншамен атудан күміс жүлдегер!
Әзірше Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте 4-орында тұр
Мысырдың астанасы – Каир қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы жолындағы турнирде 25 метрге жылдам атылатын тапаншамен ату сайысында Никита Чирюкин күміс жүлдеге ие болды. Ол 31 ұпай жинады.
Бұл жарыста бас жүлдені Жапонияның өкілі Жонг-Хо Сонг 37 ұпай жинап, жеңіп алды. Үшінші орынды 27 ұпай алған франциялық Флориан Петер иеленді.
21 жастағы Чирюкин осымен 2 жыл қатарынан Әлем кубогында үшінші жүлдені иеленіп отыр. Былтыр ол 1 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алған болатын.
Талантты сұрмерген былтыр жасөспірімдер арасында әлем чемпионы да атанған.
Әзірше Қазақстан құрамасы Әлем кубогы жолындағы турнирде 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте 4-орында тұр.
Бұған дейін стенд атудан Әлем кубогында ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтын медаль түскен еді.
Трап бағдарламасында Мария Дмитренко финалда 40 ұпай жинап, топ жарды. Ол тартысты сайыста Токио Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Фатима Галвез (күміс жүлде) бен Токио Олимпиадасының екі мәрте жүлдегері Алессандра Периллиден (қола медаль) басым түсті.
Сонымен бірге пневматикалық тапаншадан 10 метрден оқ атуда Валерий Рахимжан мен Ирина Юнусметова жұбы қола жүлдеге ие болды.
Бұл рейтингтік Әлем кубогында 66 мемлекеттен жиналған 678 сұрмерген 10 жүлде жиынтығын сарапқа салып жатыр.