2024 жылдың қаңтарынан бастап ішкі істер органдары мен Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарындағы оқытушыларының жалақысы көтеріледі
Қазақстан республикасының 2024 жылға арналған бюджетінде базалық көрсеткіштерді арттыру көзделген. Оның ішінде ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін жоғарылату жоспарланып жатыр. Егер ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс мөлшері артса, еліміздегі жүз мыңнан астам жұмысшының жалақысы өсуі ықтимал.
2024 жылы Қазақстанда қандай мемлекеттік бюджет есебінен жалақы төленетін салаларда қызметкерлердің еңбекақысы өседі? Биыл азаматтық қызметкерлердің, білікті жұмысшылардың, медициналық қызметкерлердің, білім беру жүйесіндегі кейбір қызметшілердің, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің, су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Сондай-ақ енді кеншілер мен өзге де қауіпті өндірістегі жұмысшыларға берілетін арнайы төлемдер ішінара бюджет есебінен қаржыландырылады.
Білікті жұмысшылардың жалақысын арттыру жоспары
Қазақстандағы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) ең төменгі әлеуметтік стандарт ретінде танылды. 2024 жылға арналған бюджетте ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Еңбек кодексінде (103-бап, 2-тармақ) елдегі жалақы мөлшері биылғы бюджетте қабылданған ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болмауы керек делінген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру еліміздің 1 миллион 800 мың азаматының, оның ішінде 350 мың мемлекеттік қызметкерінің әл-ауқатына әсер ететіні жазылған.
Азаматтық қызметкерлерге кәсіпорындарда қызмет атқаратын білікті жұмысшылар жатады. Олардың жалақысын белгілеу үшін ең төменгі жалақы көрсеткіштері қолданылады. Аталған көрсеткіш ұлғайған жағдайда жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес, 2024 жылғы қаңтардан бастап біліктілік санатындағы жұмысшыларға қолданылатын коэффициент көрсеткіші де артады.
Ал біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты бюджетте тек белгіленген деңгейге дейін өседі.
Азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспары
Ресми нормативтік-құқықтық актілер порталы ақпараты бойынша, үкіметтің 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысына сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлеріне төленетін еңбекақы төлеу жүйесі өзгерді. Құжатта жазылған дерекке сүйенсек, аталған көрсеткіштер бойынша коэффициенттерді ұлғайту көзделген. Себебі аталған коэффициенттерге қызметкерлердің лауазымына қарай төленетін жалақы мөлшері мен тарифтік мөлшерлемесі көбейтіледі.
Биыл мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсе ме? 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілердің негізгі жалақысы 1,71 түзету коэффициентіне көбейтіледі.«Ұлттық» мәртебесіне ие мемлекеттік мәдени ұйымдарының, жеке кәсіби өнер әрі шығармашылық ұжымдардың қызметкерлері үшін жалақы мөлшері 1,75 есеге көбейтіледі.
Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жалақысы қалай өседі
Елімізде 2029 жылға дейін халық табысын арттырудың кешенді жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Құжаттың IV бөліміндегі ақпаратқа сәйкес, үкімет дәрігерлердің, ғалымдардың, құтқарушылардың, өртсөндірушілердің әрі тағы басқа мемлекеттік бюджет есебінен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын арттыру міндетін өз мойнына алды. Бұл салаларды 2023 жылдан 2025 жылға дейін қаржыландыру жоспарланған.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен 25 пайызға көтеріліп келеді. Осы орайда 2023 жылғы жағдай бойынша олардың жалақысы екі есеге өскен. Осылайша былтыр қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының жалақысы 30 пайызға артты. Алайда биыл мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру жоспарланып отырған жоқ.
2024 жылдың қаңтарынан бастап ішкі істер органдары мен Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарындағы оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Олардың лауазымына қарай төленетін жалақылары мен тарифтік мөлшерлемелері жасына байланысты 2,74 коэффициентке тең болады, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап 3,2 коэффициентін қолдану қарастырылған.
2024 жылы ғылымды қаржыландыруға 242 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Бұл 616 жетекші қазақстандық ғалымдардың жалақысын жоғарылатуға мүмкіндік береді.
2024 жылы медициналық қызметкерлердің жалақысы арта ма
2021 жылдан бастап медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл мемлекеттік және муниципалдық медициналық мекемелердің 22 мың қызметкеріне қатысты. 2023 жылы медициналық қызметкерлердің базалық жалақысы екі рет – 1 қаңтар мен 1 қыркүйектен бастап өзгерген. Соңғы рет жалақы коэффициенттерді арттыру туралы үкімет қаулысы негізінде өскен. Олардың базалық жалақысы жаңа коэффициенттерге көбейтілді:
Медициналық қызметкерлердің жалақысын есептеу үшін 2,73 коэффициенттің орнына 2023 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген 3,42 түзету коэффициенті қолданылды. Орта деңгейлі медициналық қызметкерлер үшін 2,05 коэффициенттің орнына 2,34 түзету коэффициенті қолданылды.
Жоғары коэффициенттерді қолдану қыркүйек айынан бастап туындаған барлық өзара құқықтық қатынасқа әсер етті. Осылайша 2024 жылы медициналық қызметкерлердің жалақысы артты.
2024 жылы Қазақстанда медициналық қызметкерлердің жалақысы өсе ме? Қазіргі уақытта ресми құжаттарда жалақы көтерілетіні жайлы ақпарат жоқ. Дегенмен медициналық қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге 2023 жылы бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 15 миллиард теңге бөлу жоспарланған, ал келер жылы 15,7 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Биыл құтқарушылар мен өртсөндірушілердің жалақысы қаншалықты өседі
Азаматтық қорғау органдары құтқарушыларының жалақысы 2022 жылдан бастап кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр. Алғаш рет бұл көрсеткіш 23 пайызға, 2023 жылы 18 пайызға өскен болатын, 2024 жылы 18 пайызға ұлғайту жоспарланып жатыр. Ал 2025 жылы жалақы 17 пайызға өседі деп күтіледі. Осылайша 2025 жылға қарай құтқарушылардың жалақысы екі есеге артуы мүмкін.
Сондай-ақ 2023 жылдан бастап денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін құтқарушылардың лауазымына байланысты төленетін жалақы мөлшерінен 70 пайыз көлемінде қосымша төлем беру жоспарда бар. Сонымен қатар атқарылған жұмыстың күрделілігіне қарай негізгі жалақы мөлшерінен 20 пайыздан 300 пайызға дейінгі үстемеақылар мен қосымша төлемдер қарастырылған.
Кеншілер мен зиян еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға берілетін арнайы төлемдер мөлшері қаншаға артады
Бюджеттік қызметкерлерден бөлек, зиян еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 37 мың жұмысшының да табысы өзгеруі мүмкін: шахталарда, металлургияда әрі энергетика саласында жұмыс істейтін жұмысшыларға түрлі қаржыландыру көздерінен ең төменгі күнкөріс деңгейінде (бюджеттен, БЖЗҚ, жұмыс берушіден) арнайы төлемдер беру қарастырылған. Жалпы арнайы төлемдер сомасы 200 мың теңгеге жетеді.
Бұл төлемдер тек зиян еңбек жағдайларында кемінде 7 жыл жұмыс өтілі бар немесе мұндай ондай өнеркәсіп орнынан шығып кеткен, я болмаса денсаулығына зиян тимейтін басқа жұмысқа ауыстырылған адамға төленеді. Оған қоса аталған төлемдер 55 жастан бастап беріледі. Мұндай жұмыс орнында істегендер зейнетке шыққанға дейін арнайы төлемдер алуға құқылы.
2024 жылы су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы қаншаға ұлғаяды
Былтыр Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған болатын, министрліктің негізгі міндеті – елдегі су ресурстарын сақтау мәселелерін шешу. Бұл салада жұмысшылардың біліктілігін арттыру, ескі кадрларды сақтап қалу, жаңа мамандарды даярлау мәселелері өзекті болды. Бұл салаға деген сұранысты арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға өсті.
Осылайша елімізде түрлі санаттағы жұмысшылардың жалақысын көтеру жұмыстары жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын көруге болады. Биыл бұл өсім мемлекеттік қызметкерлер мен тағы басқа салалардағы жұмысшыларға қатысты.
Дереккөз: nur.kz