Атамбаевтың жүрегі сыр берді

Дастан Жұмабекұлы

Қырғызстанның бұрынғы президенті колониядан емдеу мекемесіне ауысты

фото: bbc.com

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев №27 колониядан Ұлттық кардиология орталығына ауыстырылды. Бұл туралы оның адвокаты Замир Жоошев хабарлады.

Бұған дейін ол Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторынан Бішкектегі №47 түзеу колониясына, одан кейін Молдовановка селосындағы №27 колонияға ауыстырылған болатын.  

Атамбаевтың ұлы Кадыр Атамбаевтың айтуынша, қазір әкесінің денсаулығы нашар. Ол өздігінен тұра алмайды да отыра алмайды да.  

Әкемнің омыртқасына зақым келген. Жүрегі мен асқазаны да ауырады. Бұл диагноздарды жеке клиника емес,  №47 түзеу колониясының емдеу департаменті қойған. Олар әкеме сотқа қатысу денсаулығына зиян болады деген, - деді ол.

Ал Атамбаевтың зайыбы Раиса Атамбаеваның айтуынша, күйеуіне колонияларда жақсы жағдай жасалған болатын. Ол абақтыда емін жалғастырған. Онда серуендеуге, адамдармен сөйлесуге рұқсат берілген еді.

Алмазбек Шаршеновичтің денсаулығы нашар.  Оның қан қысымы төмен. Оған қатты суық тиген. Біз оған ыстық тамақ әкеліп, жылы киім бердіп тұрдық», – деді Раиса Атамбаева.

Алмазбек Атамбаевқа қатысты бірнеше қылмыстық із қозғалған. Оған 2019 жылы 7-8 тамызда Қой-Таш ауылында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, жемқорлық жасады және қылмыспен келген табысты заңдастырып алды деген айыптап тағылған.